USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Өнерлі ұлт өкілдері этнофестиваль өткізді

Өнерлі ұлт өкілдері этнофестиваль өткізді

Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына орай Өскемендегі Достық үйінде өнерлі ұлт өкілдерінің қатысуымен этнофестиваль өтті. Концерттік іс-шараға қатысқан өнерпаздар мың бұрала би билеп, әуелете ән салды. Ал өздерімен әкелген сый-сияпаттарын естелік ретінде Достық үйіне табыс етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ұлттық үлгідегі оюлы киімдерін киіп, сахна төріне шыққан ұлт өкілдері өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, музыкалық сәлемдерін жолдаумен болды. Барлығының тілегі бір - бір шаңырақ астында береке-бірлікте өмір сүру және елдің тыныштығы.

- Биыл Қазақстан халқы үшін ерекше жыл. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Абайға - 170 жыл, Ассамблеяның - 20 жылдығы. Осы күнге ұлтаралық татулығымыздың арқасында жетіп отырмыз. Ал кезектен тыс келген сайлауға барып, лайықты деген үміткерг дауысымызды береміз, - дейді беларусь бірлестігінің жетекшісі Галина Жампейісова. Биыл сондайақ, айтулы мерейтойлармен қатар Беларусь этномәдени бірлестігінің құрылғанына да 15 жыл толып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған этнофестиваль шымылдығын шешен ұлтының «Вайнах» би ансамблі лезгинка биімен ашты. Тау халқының бұл биін тамашалаған көрермендер қошеметтерін аямады. Ал орыс ұлтының «Русская песня» ансамблінің әншісі Любовь Карчевская Достық үйіне бірлестік атынан оюлы қазақы шапан сыйға тартты.

Дәл осылай неміс, украин, кәріс, татар этномәдени бірлестіктері мен славян қоғамдық бірлестіктері бар өнерлерін ортаға салды. Ал «Атамұра» ансамблінің қоңыр домбыраларынан күмбірлей төгілген «Келіншек» күйін жиналған жұрт ұйып тыңдады. Концерт соңында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Ажарым» ансамблінің әншісі Аяна Камалбек есімді бүлдіршін өз қолымен қағаздан жасаған Бәйтеректің макетін Достық үйіне сыйлап, жүрекжарды тілегін айтты.

Бір шаңырақ астында татулықты ту еткен ұлттар Достық үйінде үнемі бас қосып, ұлттық дәстүрлерін насихаттап, бір-бірімен шүйіркелесіп жатады. Осының өзі - береке-бірлігіміздің айғағы.

Мерей Қайнарұлы
Суретті түсірген Ғылымбек Сәбитов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде