USD 315.55
EUR 338.93
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Қуыршақтар әлемінде

Қуыршақтар әлемінде

«Коллекция» - жинау, заттарды немесе өнер туындыларын жинақтау деген мағынаны білдіретін латынның «collectio» сөзінен шыққан. Өте құнды заттарды сатып алып және жинақтаумен айналысқан алғашқы коллекционерлер сонау көне ғасырлардың өзінде пайда бола бастаған. Уақыт өте келе коллекциялар жүйеленіп, зерттеліп, мемлекеттік мекемелерге, мұражайларға тапсырылды немесе жеке адамдардың пайдалануында болды. Егер адамдар осындай жинақтаумен айналыспағанда мәдени құндылықтар жағдайының қазір не болатындығын көзге елестетудің өзі қиын болған болар еді. Белгілі бір жүйемен жинақталған кезкелген заттың - кітап, қолжазба, суреттер, керамика, шыны, сағаттар, монеталар және басқа да коллекциялардың адамды өзіне тартып алатын сыйқырлы күші болатындығы жасырын емес. Ондай күш жинақтаушыны да, көрерменді де билеп алады. Егер әңгіме таңданарлық, неше түрлі, ерекше бейнелердегі ойыншықтар коллекциясы туралы болса, көрерменнің қызығушылығы екі есе арта түседі. Өйткені барлығымыз да бір кездері уақыттың қалай өткенін білмей сүйікті қуыршағымызбен, мәшіндерімізбен, қоян мен қонжықтарымызбен ойнаған балалық шақтан өстік қой.

Қуыршақтар әлемінде
Өскемен қаласының коллекционері Оксана Колиниченконың ойыншықтар әлеміне деген әуесқойлығы сол балалық шақтан қалған болуы керек. Оның коллекциясында 1000 нан астам жәдігер бар. Мұны нағыз ойыншықтар патшалығы деп айтуға болады. Олар барлық жерден орын алған: шкафтарда, сөрелерде, столдарда, комодтарда, тіпті төсектердің арқалықтарында да тұр. Олар өте тартымды, сізді таң қалдырып, назарыңызды толықтай жаулап алады. Көрген бойда саусағына қонған көбелекке қуанып тұрған ұзын сирақты фарфор сұлуларынан көз ала алмай қаласыз. Барқыт қапшықшалардағы сүйкімді сәбилерді жасаған автордың шеберлігіне тәнті боласыз. Бұлан мен құмырсқа, сұрғылт күйе көбелек пен сараң тарақан сияқты қызықты сәндік кейіпкерлерді ойлап тауып, әдемі етіп жасаған шеберлердің қиялына таң-тамаша қаласыз. Пілдің балалары, мысықтар, күшіктер, қозылар, үкілер, басқа да аңдар мен құстардың бейнелерінде жасалған жұмсақ ойыншықтар ақ ниеттілігімен, әсерлі де мәнерлілігімен өзіне тартып тұрады.

Оксана көп жылдан бері қуыршақ жасаушы шеберлермен тығыз қарым-қатынаста. Россиядан, Беларусьтан, Украинадан өзіне ұнаған ойыншықтарды жіберіп тұрады. Коллекционер өзінің жинақтау жұмыстарын тоқтатпақ емес. Қазір Италиядан сәлемдеме күтіп жүр.
43 жәдігерден тұратын бұл көрме сізге жақсы көңіл-күй сыйлап, балалық шағыңызды сезінуіңізге мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Айтмұхамбет Қасымов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: қуыршақ
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде