USD 314.79
EUR 337.96
RUB 5.59
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Юлия Галышева мен Павел Колмаков чемпион атанды

Юлия Галышева мен Павел Колмаков чемпион атанды

Биылғы XXVII қысқы Универсиада Қазақстан спортшылары үшін олжалы болып тұр. Дүниежүзілік доданың Испания елінде өтіп жатқан екінші бөлігінде шығысқазақстандық саңлақтар тағы да екі алтын жүлдені еншілеп, ел құрамасының жалпыкомандалық есептегі екінші орнын нықтай түсті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Гранада қаласында өткен жарыста әуелі Юлия Галышева алтын медальды иеленді. Байрақты бәсекелерде шаппай бәйге сұрайтын мүйізі қарағайдай мықтылармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, жүлдеге таласып жүрген өскемендік могулшы өзінің санасуға лайықты спортшы екенін жалпақ әлемге тағы бір мойындатты. Фристайлдың могул түрінен чемпион атанған Юлияның жинаған ұпайы - 66,00. Ал осы сында екінші орын алған ресейлік Марика Пертахина жерлесімізден 6,1 ұпайға қалып қойды. Қола жүлде кәріс қызы Си Джи Уонға (51,86) бұйырды.

Ерлер арасындағы дәл осы сайыста, яғни могулда екі бірдей спортшымыз көш басынан көрінді. Талантты жас Павел Колмаков 72,45 ұпай еншілеп, Универсиаданың алтын медалын мойнына тақса, оның командаласы Дмитрий Рейхард күміспен күптелді. Оның ұпай көрсеткіші - 68,73. Қола жүлденің иесі - ресейлік Сергей Шимбаев. Бір қызығы, бұл - 18 жастағы Павелдің халықаралық аренада қол жеткізген тұңғыш жеңісі. Мамандар оның болашағына үлкен үміт артып отырғанын да жасырмайды.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында жиыны он медаль. Оның бесеуі - алтын, бесеуі - күміс. Сөйтіп, әзірге Ресейден кейінгі екінші орындамыз.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде