USD 314.4
EUR 343.83
RUB 5.51
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Абай атындағы театр сексенге толды

Абай атындағы театр сексенге толды

Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық драма театр өзінің 80 жылдық торқалы тойын атап өтті. Киелі өнер шаңырағының 80 жылдығы қаладағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерекелік шараға ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың атынан театр ұжымына жеңіл автокөліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Бүгін қазақ өнерінің талбесігі Абай театрына 80 жыл толып отыр, - деді Жақсылық Омар құттықтау сөзінде, - бұл өнер ордасы Семейдің ғана емес, еліміздегі үздік ұжымдардың бірі. Облыстағы алты театрда 400-ден астам адам еңбек етеді. Оның ішінде осы театрдың жетістігін әрқайсымыз көріп, біліп жүрміз. Күләш апамыз, Бекен ағамыз еңбек етіп жүрген өнер ордасының мәртебесі қашан да биік. 80 жыл ішінде қаншама қойылымдар өмірге келіп, тамаша туындылардың тұсауы кесілді.

Бұдан кейін Жақсылық Омар театрда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Рыстығайша Иманбекова, Леонид Давидченко, Шолпан Мұханбетова, Айтбиік Тазабекұлы, Сұлушаш Төлекова, Бақыт Ахметжанқызы сияқты әртістерді облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың Мақтау грамотасымен марапаттады.

Театр ұжымын мерейтоймен құттықтаған Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева бұдан былай әртістерге жыл сайын баспананың кілті табысталып тұратындығын айтып, бірқатар өнер иелеріне Мақтау грамотасын табыстады. Қалалық мәслихат депутаттары да театрдың бірнеше қызметкерлерін марапаттады.

Кеш барысында театрда жиырма жыл еңбек еткен Отантай Кәріпжанов, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның Халық артисі Күләш Сәкиева естелік айтып, өткен күндерден сыр шертті. Сонымен қатар мерекелік шараға жиналғандар қаладағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ашылған «Киелі өнер» атты көрмені тамашалады. Көрмеге театрдың ең алғашқы жылдарынан бастап, соғыс кезінде әртістердің өздері тігіп киген сахналық костюмдері мен жеке заттары қойылған екен.

Кеш соңында жиналған қауым Теміржан Базарбаев пен Төкен Ибрагимов бірлесіп жазған «Жас Абай» сахналық қойылымын тамашалады. Жас Абайды Мырзахан Сыдықов, Құнанбайды танымал актер Бекен Имаханов сомдады.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде