USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымыздың атауларын қайта жаңғыртар кез жетті

Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымыздың атауларын қайта жаңғыртар кез жетті


Қазір Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданындағы дәмханалар қазақтың жайма жая алатын қызкеліншектерін іздеп, құлақтандыру беруді дәстүрге айналдырды. Ал ол қарындастарымыз жұмыс берушілердің бір күндік жұмысы үшін төлейтін екі-екі
жарым мың теңгесін місе тұтпай, өз талаптарын қоя бастады. Осыдан-ақ бұл дәмханалардың ұлттық мәзірге қатысты ұстанымдары оңды екендігін аңғаруға болады. Біздің өңірге ақсуаттық қазақтар алып келген «орама» қандастарымызды ауызға алмағанда, өзге ұлт өкілдері арасында да үлкен сұранысқа ие.


Қазақтың ұлттық тағамдары тек мемлекеттік мерекелерде ғана жұрт көзіне түсіп, былайғы уақытта назардан тыс қала беретіні шындық. Өзге ұлт өкілдерінің біздің көптеген ұлттық тағамдарымыздың тонын теріс айналдырып, өздеріне бейімдеп алғандары да
қынжылтады. Мысалға, өзіміздің «сиыр қымызымыз» армянның «таны» болып саудалан атынына көз үйренді. Бұрын олақ қатындар ғана дайындайтын «қарма нан» армянның «лавашы» деген атаумен дүкен сөресінде қаптап тұр. Бұл не сонда, қазақтың төл тағамдарын өзге ұлттың қанжығасына байлап бергеніміз бе?! Қалай десек те, осыны айтатын ақсақалдар жоқ қазір. Көпшілік «бешбармақ» деген сөзге үрке, сын көзбен қараса, мен осы атауды әзірше қолдаймын. Орыс тілді қазақтардың жанталасуы арқылы
ақыры ол брендке де айналды. Біз осыны ұлттық негізде алмастыруда енжарлық танытудамыз. Иә, адамда бір бармақ, төрт саусақ бар. Және таза ет пен қамыр қосылған ет тағамының атауы екі түрлі. Қамыры аз, еті көп болса немесе қамыр мүлдем салынбаса, онда «аспа» немесе «аспалық» деп аталады. Ал екеуі тепе-тең болса, оны көнерген сөзге айналған «қамырлық» сөзімен атайтынын
бірен-саран жандар ғана біледі. Бұл атау ұлттық деңгейде қалыптаспағандықтан, қолданысқа енбей жүр, тек шымқалалық бауырларымыз ғана «қамыр ауқат» деп атайтыны бар. Осы екі сөзді жарыспалы қолданысқа енгізсек, қазақтың қос аймағындағы атаулардың өзі қазақтың болмысын танытып тұрар еді-ау! Бізге керегі – еттің дайындалу технологиясы да, қай малдың етінен асылғаны да емес, осы етке салатын қамырдың әртүрлі дайындалуын, қазақтың әр өлкесіне тән ерекшелікті ескеріп, бумен,
қуырумен, пісірумен үйлестіріп, мәзірленуінің атауын бір ізге түсіру. Әрі сорпаға қосатын дәмдеуіш түрін, етке құйылатын тұздық түрлерінің атауын қалыптастыратын аспаздық ізденістерді, авторлық тағам дайындау үлгілерін ойластыруымыз керек. Бір ғана мысал, палаулық бесбармақ бар. Ол Аягөз өңірінде кең тараған. Сонда «палау тек өзбек пен ұйғырдікі» деген ұғымнан басы бүтін құтыламыз. Бір аңызда Ақсақ Темір әскерін ауқаттандыру үшін ойлап тауыпты-мыс дейтін «палау» барша түркіге ортақ, қазақ
оның етті көп қосып дайындайтын түрін өмірге енгізіп отыр. Ал брендке тағы бір айналып соғар болсақ, онда алматылық бренд «Райымбек қымызы», шымқалалық «Дихамбай қымызы», семейлік «Саржал қымызы» бірінен-бірі өтеді.

«Орыс қазы» атауы қайдан шықты?


Ал Көкшетау қазақтары ыстаған қазының дәмі аузыңнан кетпесе де, нарық заманы «орыс қазы» деген бизнестіркесті өмірге әкеліп отыр. Қазір шығыстық қазақтар бүкіл жылқы етін оның өз ішегіне тығып айналдыруда және шайнасаң, өңешіңнен өтпейтін, мойын еттен жасалған «орыс қазыны» өмірге әкелді. Бұл дәстүр облыс орталығы Өскеменде кең етек алған. Осы орайда кезінде «АБК» тобы орындаған «Перронда» әнін өмірге әкелген Семей педагогикалық институты физика-математика факультетінің «Рауан»
ансамблінде соло гитарада ойнаған бір ағамыздың әңгімесін келтіре кеткенді жөн көрдік. Оның «Облыстық бір жиында біз Семейдің, ал жоғарғы жақ Өскеменнің қазысын алып келіпті. Дастарқан жайылып, әркім әкелгенін ортаға салған кезде, олардың әкелгені «орыс қазы» болып шықты» деп, бір күлдіргені бар. Жалпы, осыған қарсы, яғни, классикалық ет асудан алыстауға бағыт ұстануды
құптамаушылар да бар.

Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымыздың атауларын қайта жаңғыртар кез жетті


«Қазақы дастарқан: ұлттық асымыздың атауы да ауысып барады...» атты мақаласында Қуаныш Әбілдәқызы былайша ой толғайды: «Бүгінде ұлттық тағамдарымыздың көбісі ұмытылып, ұмытылмағанының жасалу технологиясы өзгеріске ұшырағаны аздай, ұлттық атаулары да өзгеріске түсуде. Бұған алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Ұлттық тағамдардың ішіндегі ұлысы – етті «бешбармақ»
атандырған соң не дерсің?! Өкінішке қарай, соңғы кездері осы атау кең тарап бара жатыр.

Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымыздың атауларын қайта жаңғыртар кез жетті


Жақында әлеуметтік желі-ердің бірінде Әбдіхалел Нығмет есімді азамат «Атауының өзі ағайынның ашуына арқау болған атышулы «Бешбармақшоу» бағдарламасына кездейсоқ көзім түсе қалғаны сол, жағамды ұстап, жанымнан түңілдім... «Ал мынау бүйенге
салған қазы» дейді одан кейін. Оу, бәтшағарлар, қай атаң қазыны бүйенге салушы еді?! Бүйен – сиырда, қой мен ешкіде болатын тоқ ішектің соңы, тұйықталып келетін жуан жағы. Қазақ оған тек сары май салып сақтаған. Ал қазы мен шұжықты жылқының ішегіне ғана аударады ғой. Енді бұл кісілер қойдың етін бөлек қазанға салып жатыр, «сорпасы ішілмейтіндіктен» дейді. Неге, не үшін? Құйқаның дәмі шығып кететіндіктен, басты бөлек ыдысқа асып, сорпасын ішпеуші еді. «Мен де аң-таң, апам да аң-таң». Бағдарламаны ары қарай көруді құп көрмедім» дейді. Расында да, қазақтың қазысын бүйенге салғандар ұлттық асымызға қатысты әлі талай шыжық шығарары анық. Шын мәнінде, ұлттық асымыздың атаулары да осындайдан өзгеріске ұшырап жатқаны – ақиқат.
Өз басым бұл өзгеріске оң қараймын. Өйткені, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың мәдени құндылықтарға деген көзқарастары әртүрлі. Ал дәстүрлі тағамның өзінің түп негізін сақтап, өзгеріске түсуі – әр ұлттың аспаздық мәдениетінде болып тұратын дүние. «Бұрын қалай болса, солай болу керек» деген пікірдің оңды да, теріс те жағы бар. Ұлтты оның тағамы арқылы таниды. Атамыздан қалған «аспалық», «қамырлық», «сорпалық», «палаулық» және «тұздық» деген сынды төл ұғымдарымызды жер-жерге бөлмей,
жалпы ұлттық деңгейде жаңғыртсақ. Сонда «бешбармақ» сөзі өзі-ақ тарихтың күресініне кетеді. Сонда Қуаныш Әбілдәқызы айтып отырған «Орыс отаршылары бізді «мәдениетсіз, тамақты қалай жеуді білмейді, көрсоқыр, надан» деп, етті қолмен жегеніміз үшін осылай келекелеп атаған» деген ауыр ойдан арыламыз. Бұған сіздер қалай қарайсыздар, оқырман?

Серік Әбілқасымұлы
Шығыс Қазақстан облысы
Бородулиха ауданы.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде