USD 314.4
EUR 343.83
RUB 5.51
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Веложарыста жеңімпаз атанған Әлем чемпионатына жолдама алды

Веложарыста жеңімпаз атанған Әлем чемпионатына жолдама алды

Өскемен қаласындағы Республика алаңында Қазақстан велоспортының 100 жылдығына арналған 45-ші дәстүрлі «Қазақстан оқушысы-2014» көпкүндік веложарысының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл күні бір апта бойы Шығыс Қазақстан облысының тасжолдарында жүйткіген жас велошабандоздардың жүзден жүйрігі анықталды. Осымен он бесінші мәрте бұл өңірде өткізіліп отырған жарыстың жабылу салтанатына Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының өкілі Сергей Горкушенко, Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев, ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Сайран Ысқақова, сондай-ақ веложарыс спортының ардагерлері Иван Плешкань мен Борис Серохвостов және басқа да азаматтар қатысты.

Республикамыздың әр аймағы мен Өзбекстаннан келген қатысушылардан құралған командалар шеруін Шығыс Қазақстанның байкерлері ашты.

Көпкүндік веложарыстың 7 кезеңі бойынша әрбір команданың қатысушыларынан 3 жеңімпаз анықталып, барлығы 21 велошабандоз жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 8-ші кезең нәтижесінде командалық есепте жеңіске жеткен құрамалар анықталды. Атап айтсақ, Алматы облысынан келген команда 3-ші орынды қанағат тұтса, «Астана-2» командасы 2-ші орынды, «Астана-1» командасы бірінші орынды иеленді. Жиырма шақырымға арналған жеке жарыс қорытындысы бойынша «Астана-2» командасының мүшесі Вадим Пронский 1-ші орынға, «Астана-1» командасының спортшылары Юрий Щербинин 2-ші, Алексей Волошин 3-ші орынға табан тіреді. Сонымен қатар жарыс кезіндегі спортшылардың талпыныстары мен ынта-жігері ескеріліп, Ақмола облысынан келген Евгений Гидич «тау велошабандозы» аталымы және «Астана-2» командасының сайыскері Максим Сатликов «белсенді велошабандоз» аталымы бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға 20-50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар мен мақтау қағаздары тапсырылды. Жарыс қорытындысы бойынша жеті медаль тағынған Вадим Пронский чемпион деп танылды. Оған арнайы спорттық үлгідегі велосипед пен планшет табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Технодом» сауда үйі, «Астана Моторс» компаниясы демеушілік көрсеткен.

Қазақстан велоспортының 100 жылдығына арналған жарыс әрбір қатысушы үшін маңызды екені даусыз. Солардың бірі - «Астана-1» командасының велошабандозы Юрий Щербинин. Бір аптаға созылған жарыс нәтижесінде бірінші және алтыншы кезең бойынша жеңіске жетіп, өзі қатысқан құрама командасы 1 орынды иеленген ол:

- Менің Шығыс Қазақстанға бесінші рет жолым түсті. Биыл жарыс ерекше болды. Өздеріңіз көргендей, екі мәрте жеңіс тұғырынан көріндім. Оның үстіне өзімнің және командамның жеңісінің Қазақстан велоспортының мерейтойлық кезеңімен тұспа-тұс келуі де - біз үшін қуанарлық жағдай. Биыл Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі жеңіс маған әлі талай биіктерден көрінуге күш-жігер бергендей болды, - дейді.

Осы веложарыста жеңімпаз атанған «Астана-1» командасы Италияда өтетін Әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Назерке Ахметова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: велосипедші
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде