USD 315.15
EUR 340.05
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Агротехнологиялық парк Семей қаласында ашылады

Агротехнологиялық парк Семей қаласында ашылады

Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мемлекеттік университет Шығыс Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы үшін айтарлықтай жауапкершілік жүктелгенін біліп, ғылымды өндіріске енгізуді қолға алған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлген 6 млн. теңге қаржы негізіндегі Абай ауданы шаруашылықтарында жүргізілген жұмыстар нәтижесін атап өтсе де болады, - дейді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев.

Оқу орны жылына жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық, техникалық, ауыл шаруашылық ғылымдары мен педагогика саласына қажет 2 мыңнан астам маман дайындап шығарады. Бүгінде тек ШҚО-ға ғана 500-ге жуық мал және санитарлық дәрігер, 100-ден артық инженер-механик, агрономдар өте қажет екен. Университет ректоры Шәріпбек Әмірбеков әр ауданға қанша ауыл шаруашылығы маманы қажеттігін анықтап, түлектерге оқуға түсіп, мамандықтарын игеру үшін қажетті көмек-кеңес беру жолдарының шешілуіне ықпал етуде.

Шығыс Қазақстан облысының ауа-райы, табиғаты, ауыл шаруашылығын жүргізу тәсілдері ұқсас болғандықтан, қазір мұнда «Қазақстан-Америка ғылыми-зерттеу орталығы» ашылған. Алдағы уақытта осынау орталықты университет ректоры агротехнологиялық паркке айналдырмақ. Сөз жоқ, бұл қадамның бәрі келешек мамандарды сапалы дайындауға бағытталып отыр. Мал басын асылдандырып, көбейтумен шұғылданған ғалымдар қазақтың «байыс» атты жартылай қылшық жүнді құйрықты қой тұқымішілік түрін шығарғаны елге аян. Сондықтан да болар, облыстағы түрлі меншіктегі шаруашылықтармен шартқа отырып, тәжірибе алмасылуда. Мал басын асылдандыру, қолдан ұрықтандыру, ұрықты ауыстырып қондыру орталығы ашылғандықтан, қазір Бородулиха ауданының «Новая заря» шаруашылығында университет профессорларының зерттеуімен жаңа мал тұқымы да алынған. Қазір түрлі тәжірибе өткізіп, асыл тұқымды малдарды өсіріп, тарату үшін Бородулиха ауданы әкімшілігімен университет шартқа отырып, осы ауданның «Лада» шаруа қожалығында оқу-тәжірибе базасы ашылды. Онда магистранттар, студенттер және ұстаз-ғалымдар өздерінің ғылыми жетістіктерін шаруашылыққа енгізу үшін сынау, тексеру жүргізуде.

Университет ғалымдары антибиотиктер, антипаразитарлық, дезинфекциялық құралдар және ветеринариялық препараттар шығару үшін малдың түрлі ауруларына қарсы «Ромат» фармацевтикалық компаниясымен бірге дәрі-дәрмек әзірлеуде. Осы бағытта «Прииртыш бройлер құс фабрикасымен» шарт жасалыпты. Жақында университетте агробизнес көрмесі ұйымдастырылып, оған Абай ауданы 36 бас қой малы, ал Семейдің «Шөптіқақ», «Азат», «Лазарев», «Мұқинов» қожалықтары 12 бас жылқы әкелсе, Бородулиха, Бесқарағай аудандары 18 бас ірі қара жеткізді. Көрмеге қатысқандар ауыл шаруашылығы өнімдерін жақсартудың жолдарын жан-жақты талқылады.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде