USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

«Христостың қайта тірілуі» мейрамы аталып өтті

«Христостың қайта тірілуі» мейрамы аталып өтті

ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемендегі Әулие-Троицк шіркеуінде болып, православиелік христиан дінін ұстанушы өңір тұрғындарын «Христостың қайта тірілуі» мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан басшысы Пасханың ел ішіндегі ынтымақ-берекені нығайтудағы зор маңызына ерекше тоқтала келе:

- Баршаңызды Пасха мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Осы қасиетті күн сіздерге ойлаған арман-тілектеріңізді орындауға күш-жігер табуға және бір-біріңізге мейірімділік шуағын төгіп, рухани тұрғыдан кемелдене түсуге, нағыз бақыттың дәмін татуға нәсіп етсін. Бұл мейрам әрбір арайлап атқан таңдарыңызды шуақты, дәулеттеріңізді қуатты ете түссін. Есіктен аттаған Пасха мейрамы жүректерге жарқын болашаққа деген сенім ұялатып, қайырымдылық нұрын құйсын. Адамдардың бойындағы жақсы қасиеттерін ешқашан кір шалмасын.

Біздің еліміз - конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ошағы. Бұл - Мемлекет басшысының ұстанған саясатының және баршамыздың күш-қуатымыздың арқасы.

Бұрын достығы жарасқан кейбір елдердің арасында қазіргі күні түсініксіз жайттар орнап, тұрақсыздық белең алып тұрғаны жасырын емес. Ондай берекесіздік бізге еш қажет емес. «Қазақстан» деген үлкен бір шаңырақтың астында татулықта тұрып жатқан жүзден астам ұлт өкілдері осы ауызбіршіліктерін жоғалтпауы тиіс. Ол татулықтың, тұрақтылықтың негізі осындай тамыры тереңге кететін мейрамдарда жатыр, - деген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан дәстүрлі діндерімізге көрсетіліп жатқан қолдау-көмектің аз емес екенін атап көрсетті. Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құстың қос қанатына теңеген ханафилық ислам мен православиелік христиан діндері көмек-қолдаудан кенде емес біздің Шығыста. Басқалары былай тұрыпты, Ертістің сол жағалауынан берік орныққан ерекше сәулетті, өзгеше көркем мешіттің құрылысы Шығыс Қазақстан облыс басшысының тікелей араласуы нәтижесінде демеушілердің қаражатына салынған-ды. Мұның сыртында аймағымыздың өзге қалалары мен аудандарында, ауылдарында жаңадан салынған немесе жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілген діни ғимараттар қаншама.

Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан облыс орталығындағы Стрелка ықшам ауданында орналасқан Өскемен және Семей епархиясына қарасты Әулие-Троицк шіркеуі де өңір басшысының қамқорлығының арқасында жаңғыртылуда. Қаламыздағы алпауыт кәсіпорындар: «ТМК» мен «Қазцинк» компаниялары бастап, «Имсталькон», «Сибакадем жоба», «ЖБК», «Кэмонт» сынды серіктестіктер қостап, облыс Әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша аталған ескі шіркеуді қайта қалпына келтіруге қаражат бөлген.

Жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 103,4 млн. теңгеден астам қаражат жиналса, мұның 48,3 млн. теңгесі - демеушілік еткен кәсіпкерлердің үлесі. Қалған сомасы - Епархияның меншік қаражаты.

Мамандардың айтуынша, Әулие-Троицк шіркеуі - Өскемендегі ең көне және алғашқы тастан салынған ғимарат болып табылатын ерекше нысан.

2009 жылы оның қабырғасы қаланғанына 200 жыл толды. Жөндеудің арқасында шіркеудің алғашқыдағы түпнұсқалық сәулеті, кескін-келбеті қайта қалпына келтірілмек.

- Еліміздің заңында дін мемлекеттен бөлек деп көрсетілгенмен, біздің қарым-қатынасымыз, байланысымыз ешқашан үзілген емес. Қоғамдағы тұрақтылықты, татулық пен келісімді нығайтуда біздер тізе қосып, үлкен шаруалар атқарып келеміз. Облыс басшысына үлкен рақмет, біздерді қолдау-көмексіз қалдырған емес. Діни мейрам сайын келіп, ізгі ниетін білдіріп, құттықтап тұрады. Демеушілер тартып, ескірген шіркеулерімізді жөндеуге ықпал етіп, барынша қолдау көрсетуде, - деп сөйлеген Өскемен және Семей епархиясының епископы Амфилохий әкей шіркеуге жиналған барша православиелік христиандарды Пасха мейрамымен шын жүрек-тен құттықтап, дұға-тілектерін бағыштады.

Жалпы, христиандық дәстүрге сай Пасха мейрамы жергілікті уақыт бойынша түн ортасында басталды. Дін қызметкерлері және көпшілік қауым шіркеуді айнала дұға тілеп, бірін-бірі құттықтап, «Христос қайта тірілді!» деп сәлемдесу сөздерін айтты.

Серік Әбілхан
сурет Есімхан Орынбевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде