USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Мүсілім Құмарбекұлының шығармалары мұражайда сақталатын болды

Мүсілім Құмарбекұлының шығармалары мұражайда сақталатын болды

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Мүсілім Құмарбекұлының 75 жылдық мерейтойына орай Өскемендегі Өнер мұражайында әдеби кеш өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Мүсілім Құмарбекұлының «Қыз күлкісі», «Жар жағасындағы үй», «Тауқымет» сынды шығармаларын жата-жастана оқып өскен буын бар. Жазушының қазақ әдебиетіне қосқан өзіндік еңбегі бар, әлі де жазары бар деп білеміз, - деп сөз бастаған Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Қуантайұлы жазушының өткен өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау адресін табыстап, қаламгердің иығына шапан жапты.

Ақын Абаш Кәкенов, әнші Серік Бабаханов әдеби кешті әнмен әрлесе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Райысова, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының, Өскемен қалалық және Ұлан аудандық әкімдіктерінің, сондай-ақ, ШҚО мұрағат пен қалалық кітапхананың өкілдері кеш иесіне ыстық лебіздерін білдіріп, сый-сияпат жасады.

Ал кеш қонағы, Мүсілім ағаның бала күннен бірге өскен досы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Жамбыл Смағұлов қаламгер жайында құнды естеліктер айтты.

Кеш соңында мерейтой иесі Мүсілім Құмарбекұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өзінің әр жылдары шыққан кітаптарын мұражайға тапсырды.

Жазушының шығармашылық жолы да ерекше.

Ерекшелігі сол, Мүсілім Құмарбекұлы саналы ғұмырын бір ғана облыстық басылымға арнады. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни, қырық жылдан астам уақыт облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде жемісті қызмет атқарды. Еңбек жолын тілшіліктен бастап, жиырма жылға жуық бас редактордың орынбасары болды. Реті келгенде айта кетейік, ол - әйгілі жазушы Оралхан Бөкейді облыстық газетке қызметке шақырып, шығармашылығына қолдау білдіріп, талантының танылуына ықпал еткен қаламгер.

Мұратхан Кенжеханұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде