USD 315.55
EUR 338.93
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Кох таяқшасын дәл анықтайтын жаңа аппаратпен жабдықталды

Кох таяқшасын дәл анықтайтын жаңа аппаратпен жабдықталды

Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансері Оңтүстік Кореяның дертті қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін «Сэлл Скан 100» диагностикалық аппаратымен жабдықталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ауруды сұйық дистологиялық әдіспен анықтайтын озық медициналық жабдықты Алматы қаласындағы «Мәсімов сауықтыру орталығы» ЖШС қанатқақты жобаның аясында сыйға тартып отыр.

– «Мәсімов сауықтыру орталығымен» біз үш жылдан бері әріптеспіз. Олардың жоғары технологиялық медициналық жабдықтарымен жақсы таныспыз. Бүгінгі таңда облыста өкпе дертінің ушығып тұрғанын ескеріп, олардың озық диагностикалық құралжабдықтарына қол жеткізіп отырмыз. Қазіргі өзекті проблемалардың бірі – электр жарығын үнемдеу. Елімізде жарықты үнемдеу мақсатында электр үнемдегіш шамдарға көшу бағдарламасы қолға алынған. Соған байланысты біз эксперимент ретінде бір мектеп пен бір емдеу мекемесінде орталық жасап шығаратын электр үнемдегіш шамдарды пайдаланып, тиімділігін байқап көрмекпіз. Бұл – түгелдей орталықтың есебінен жүзеге асатын шаралар, бұған бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалмайды, – деді ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев.

Орталықтың директоры Қ.Мәсімов атап өткендей, қанатқақты жобаның Шығыс өңірінде басталуына ең алдымен аймақ басшысы тікелей бастама көтеріпті. Аймақ басшысының өтінішімен біздің облысқа екі аппарат бөлінген, оның біреуі Семей қаласындағы туберкулезге қарсы диспансерге орнатылды.

Осыдан үш жыл бұрын «Мәсімов сауықтыру орталығы» ЖШС осындай озық медициналық жабдықты облыстық онкологиялық диспансерге сыйға тартқан болатын. Осы жылдан бастап сауықтыру орталығы Оңтүстік Кореяның «Cell & Tech BIO» фирмасымен бірлесіп, өкпе ауруын анықтайтын жабдықтарды шығара бастады. Аталмыш медициналық құралдардың барлығы сараптамалардан өтіп, зерттеу институттарының рұқсатын алған.

– Кореяда жақсы бір заң бар. Оларда кіріс көлемінің бір бөлігін міндетті түрде қайырымдылық шараларына жұмсау керек. Біз де өз жұмысымызда осы принципті басшылыққа алғанбыз. Жасап шығарған 17 жабдықты республиканың барлық облыстарына таратып бермекпіз, – деген Қажымқан Мәсімов электр жарығын үнемдейтін диодитті лампалармен тұтастай бір көшені жарықтандырып беруге дайын екендерін жеткізді.

Кох таяқшасын дәл анықтайтын жаңа аппаратпен жабдықталды

Бұдан кейін кореялық аппараттың авторлары мен «Мәсімов сауықтыру орталығының» кеңесшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Төлемісова жиналғандарға жаңа құралдың артықшылықтары жайында әңгімелеп, оны қалай басқару қажеттігін көрсетті.

Арай Төлемісованың айтуынша, бұл құрал-жабдық өкпе дертінің алдын алуға көп септігін тигізеді, аппараттың басты ерекшелігі – медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі.

Лаборанттар енді қолмен ештеңе ұстамайды, науқас арнайы контейнердегі сұйықтыққа түкіріп берсе болғаны, қалғаны автоматты түрде орындалады. Кохтың таяқшалары ауаға жайылады немесе маңайдағы адамдарға жұғады деп қауіптенбеуге болады. Түкіріктегі жасушалар бір жерге түзілгеннен кейін, контейнерлердің басындағы шыны пластинкалар бояғыш машинаға орнатылады. Аппарат бір сағаттың ішінде 240 талдау жасап шығара алады. Бұл бір жағынан уақытты үнемдейді, екіншіден, сараптаманың дәлдігі де әлдеқайда артады екен.

Профессор бұл әдіс әсіресе, шалғай ауылдардың тұрғындарын қамтуға өте тиімді екенін айтады. Жылжымалы рентген машинасын сүйремей-ақ, бір медициналық қызметкер ғана аудандардың тұрғындарынан сараптамаларын контейнерлерге жинап әкелсе болғаны. Цистологиялық сараптама кох таяқшаларының бар екенін көрсетсе ғана қосымша флюорографияға түсуге болады.

Айна Ескенқызы
сурет Ғылымбек Сабитовтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде