USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Субсидия алып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлік дамуда

Субсидия алып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлік дамуда

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы өңірлік, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне арнап пресс-тур ұйымдастырды. БАҚ өкілдері мемлекеттің қолдауымен субсидия алып жұмыс істеп жатқан полипропиленді қаптар шығаратын кәсіпорын мен стоматологиялық клиникада болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Біздің облыс үшін тың өндіріс болып отырған қап шығаратын жаңа кәсіпорын Защита ықшам ауданынан ашылыпты. Кәсіпкер Ирина Основина іске қосқан шағын өндірістің технологиялық желілері кең де жарық ғимаратқа орналасқан. Бұрын мұнда көкөніс қоймасы болған. Өндіріс басшысы Андрей Манаков шетелдік техниканың мүмкіндігі мен ерекшеліктерін көрсетіп, әңгімелеп берді.

– Мұндай полипропиленді қаптарды өндіру туралы бастама облыстағы нарықта осы өнімдерге деген сұраныстың көп екендігін аңғарған соң ойға келді, – дейді Андрей Манаков. – Біздің өңірде ұн, жарма, өзге де ұнтақтарды салуға арналған осындай қаптарға деген сұраныс аса жоғары. Осы уақытқа дейін қаптар бізге өзге облыстардан, көршілес елдерден жеткізіліп келді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мұрат Акенев облыстағы осындай маңызды өндірістерге қор тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келе жатқандығын айтты.

– «Темпо» ЖШС өткен жылдың бірінші тоқсанында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қосымша қаржыландырылды. Кәсіпорын несиеге алып отырған 77 млн. теңгенің жылдық қайтарымының жеті пайызы қор арқылы мемлекеттен берілетін субсидия есебінен қайтарылады. «АТФ» банкінен алынған қаржыға кәсіпорын құрал-жабдықтар мен бір вагон шикізат сатып алып, ғимаратқа жөндеу жүргізді, – деген Мұрат Акенев өндірісін енді ғана бастаған кәсіпорын өнімдерін сатып алуға тапсырыстар әлден түсіп жатқанын жеткізді.

Жаңа жобалардың өміршеңдігі, келешегі кәсіпкерлердің «Даму» қорымен қаншалықты тығыз жұмыс істей алатындығына байланысты. «Темпо» ЖШС басшылығы өндірісті ашуға бел буған сәттен бастап қормен қоян-қолтық араласа жұмыс істеп, құжаттар дайындау талаптарын, бизнесті бастауда қажет болатын басқа да шаруаларды тиянақты атқарып, мемлекеттің қолдауына қол жеткізген.

Нәтижесінде бұл шағын кәсіпорын ай сайын 450 мың теңге қаржысын үнемдеп отыр. Өйткені, несие пайызы ретінде қайтарылуы тиіс қаражаттың жеті пайызы мемлекеттің субсидиясымен жабылуда. Субсидия бөлу жөніндегі келісімшарт үш жылға жасалған, одан әрі оны өзгертіп, жалғастыру мүмкіндігі де қарастырылған. Кәсіпкердің үнемдеген ақшасын тапқан табысы деп айтуға әбден болады.

Мемлекеттен көрсетіліп отырған шынайы қаржылай қолдаудың шапағатын көріп отыр-ған келесі кәсіпкерлік субъектісі – «Алексеев С.Н.» жеке кәсіпкерлігінің стоматологиялық клиникасы. Жекеменшік стоматология иелері Сергей мен Светлана Алексеевтердің әңгімесінен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында беріліп жатқан демеуқаржы кәсіпкерлердің екінші тынысын ашқандай, теңдесі жоқ көмек болып жатқанын айқын аңғардық. Олар субсидия тұрғанда, несие төлеуден қорықпайтындарын айтады. Банктен алған 70 млн. теңге несиені кәсіпкерлер ғимарат сатып алып, ішіне жөндеу жүргізуге жұмсапты. Тіс дәрігерлері өз бизнестерін дамытып, сапалы қызмет көрсетуде.

Пресс-турдан соң, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мұрат Акенев өткен жылдың жұмыс қорытындысы, болашақта атқарылар шаралар туралы баспасөз мәс-лихатын өткізді.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: кәсіпкерлік
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде