USD 315.15
EUR 340.05
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Ғасыр жасаған ғазиз ана

Ғасыр жасаған ғазиз ана

«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді дана халқымыз. Алла Тағала бір жанға шектеулі, енді бір жанға ұзақ ғұмыр сыйлайды. Адамның ғұмыр жасы қанша ұзақ болса, ол өмірдегі сонша нәрселерге куә болып, көңілдегі ой сандығын небір керемет жайттарға толтыра түседі. Заманының өзгергенін көру, өмірдің мәнін тереңірек ұғыну – жылдардың еншісіндегі дүние болса керек. Аз жасау, көп жасау маңызды да емес шығар, ең бастысы өзіңе берілген өміріңді жете бағалай білу.

Тағдыр тауқыметін көп тартқан Семей қаласының тұрғыны Шамсейкамал Халимова бүгінде 102 жасқа келіп, 3 немере, 6 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған аяулы әже, ардақты ана. Шамсейкамал әжеміз 102 жасқа келді демесеңіз, өңін уақыт дейтін ұғымға көп жеңдіре қоймаған сияқты. Өзі жүріп-тұрады және де үй жинап, тамақ әзірлейді. Әңгімешіл, ашық-жарқын. Ғасырдан да ұзақ жасаған адамның қасында отырып оның айтқан әңгімесін есту, өзі ғажап нәрсе емес пе? 1912 жылдан бері қаншама оқиғалар болды. Соның бәрін әжеміз көзімен көріп, жүрегімен сезініп, қиындығына шыдап, шаттығына қуанған. Патшалық кезеңде халықтың көрген қысымы, сталиндік зұлмат жылдар, Ұлы Отан соғысы - тарихтың том-том кітабы десек, әжеміз сол кездегі оқиғалардың тірі шежіресіндей. Әжей бала күнінде Чапаевты көргенін де ұмытпаған. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отыр. Үш ағасы, үш апайы болған екен. Ұлы Отан соғысы кезінде ағалары майданға аттанып, соғыстан оралмаған. Үш әпкесімен бірге әкелеріне қамқор болып қалған екен.

Шамсейкамал Халимова 1935 жылы үлкен апайымен бірге Өзбекстан мемлекетінің Китаб қаласына жұмысқа орналасып, өз махаббатын кездестіріп, отбасын құрған. Бірақ, заман қиындығына орай Украинаға қоныс аударады. Шамсейкамал әжеміз оқ-дәрі шығаратын Донбасс зауытына жұмысқа орналасып, 1940 жылы Анвар есімді ұлы, ал 1947 жылы Лилия есімді қызы дүниеге келеді. 1950 жылы Алматы облысының Есік қаласына көшіп келеді. "Ол кезде біз тек өзіміздің адал еңбегімізге сеніп өмір сүрдік. Шалым ертеректе дүние салып, мен балаларыммен жалғыз қалдым. Оларды бағып-қағып, өсіру де оңай болмады. Маған қатты ауыр тигені - ұлымнан айырылғаным. Өмірдегі барлық ауыртпалықтарға шыдап бақтым. Қазір қызым үйлі болды, немере-шөберелерім және де бір шөберем бар. Мен солардың ортасында өзімді бақытты сезінемін", - дейді тамырын тереңге жайған Шамсейкамал әжеміз.

- Менен көп адам ұзақ жасаудың сырын сұрайды. Айтарым: әрдайым адал еңбек етіңдер, бір-біріңе мейірімді, бауырмал болыңдар. Әрдайым жақсылық жасауға жандарың құмар болсын, ұзақ жасаудың сыры - әр жанның өзіне байланысты, - дейді әжеміз жүзі нұрлана.

Адамның ұзақ өмір сүруінің сырын білетін кейуана күнде дене шынықтырумен де айналысады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін ақ халатты жандарға өз шағымын білдірмеген. Шамсейкамал әже үнемі сабырлы болу арқылы және ой-санасын жамандықтан тазарту арқылы ғана ғасырдан астам ғұмыр кешуге болатындығын айтты.

Әжеміздің әңгімесін тыңдай отырып, қызы Лилия Мұхамеджанованы да әңгімеге тартқан едім.

- Біз Алматыға осыдан жиырма жыл бұрын көшіп келдік. Одан бұрын Қызылорда қаласында тұрдық. Әкеміз дүниеден ертерек өтіп кетті. Ол кезде мен бес-алты жастағы баламын. Шешеміз бізді жалғыз өзі өсіріп бақты. Біршама ауыртпалықты бастан өткізді. Анамның күтіміне қараймын. Қалаған нәрсесін алып беремін. Әлі күнге дейін кітап оқиды, газет қарайды, теледидар көреді. Есте сақтау қабілеті өте жақсы, немере-шөберелерінің туған күніне дейін біледі. Соңғы жылдары құлағының естіңкіремейтіні болмаса, былайша денсаулығына шағымы жоқ. Тамағын уақтылы ішеді, таза киінгенді ұнатады. Бес уақыт намазын қаза қылмайды, - дейді қас-қабағына қарап отырған қызы Лилия.

"Отан отбасынан басталады" дейді дана халқымыз. Ал, отбасының ұйытқысы, "Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі" алтын жүрек аналарымыз - халқымыздың ең құнды қазынасы. Асыл аналарымыздың мерекесі қарсаңында шаһарымыздың ең қарт тұрғыны Шамсейкамал Халимованы келе жатқан мейрамымен құттықтап, ұрпақ қызығына кенеле берсін деген тілегімізді білдірмекпіз.

Асқар Сарин
сурет автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
2 комментария
  1. Айдана
    Қаламын шыңдала берсін аға!
  2. Айгерим
    Әжең сияқты өсіп өн!!!
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде