USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Журналист Оңдасын Елубайдың шығармашылық кеші өтті

Журналист Оңдасын Елубайдың шығармашылық кеші өтті

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі болып қызмет еткен жиһанкез журналист Оңдасын Елубайдың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбай, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет және басқа да елге танымал азаматтар мен журналистің әріптестері, студенттер қауымы қатысты.

Кешті жүргізген Қазақстан Жазушылар Одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Қуантайұлы қаламгердің алты Олимпиада ойындары мен төрт әлем чемпионатына тікелей куә болғандығын, жеті кітаптың, 100 мыңнан аса фотосурет пен 300 сағаттық бейнесюжеттің авторы және тәжірибелі журналист екендігін атап көрсетті.

Журналист Оңдасын Елубайдың шығармашылық кеші өтті

Жарты ғасырға жуық туған елінің тұмса табиғаты мен ғажап адамдары, дамыған экономикасы жайында қалам тербеген Оңдасын Елубайұлын шығармашылық кешімен құттықтаған облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ардагер журналиске ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың арнайы құттықтау хатын табыс етті.

Көпшілік алдында сөз алған Ж.Аупбай, Т.Түсіпбеков, Ұ.Есдәулет, Ж.Атаев, М.Ағзамов, Ә.Қаңтарбаев сынды азаматтар жиһангез журналистің ақпарат таратудағы кәсібилігі мен шеберлігі, спорт десе ішкен асын жерге қоятын әсіре жанкүйерлігі туралы қызықты естеліктер айтты.

Кеш жүргізушісінің Оңдасын ағамыздың соңғы үш-төрт жылда жарық көрген, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, әлемдік деңгейде өткізілген спорт сайыстарынан мол мағлұмат беретін «Алты Алашты асқақтатқан Азиада», «Айшылық алысқа алты сапар», «Өмірді суретпен өрнектеген», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу» атты төрт бірдей кітабының тұсаукесер рәсімін елімізге танымал спорт ардагерлері Мұқан Ағзамов пен Жанәділ Атаевқа кестіруі ерекші әсерлі болды.

Журналист Оңдасын Елубайдың шығармашылық кеші өтті

Кеш барысында жиналғандарға сиқырлы қалам құдіретінің арқасында шыққан шыңдарын да, риясыз шындығын да бүкпесіз әңгімелеп берген Оңдасын Елубайұлы зейнеткерлік жасқа өткен жылы жеткен-ді. «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы қаламгердің ұзақ жылғы еселі еңбегін ескеріп, осы күнге дейін қызметін жалғастыруына мүмкіндік беріпті.

Астанадан арнайы келген Жанболат Аупбай енді Шығыс өңірі бойынша республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметін облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Думан Анаш атқаратынын жеткізіп, оған тілші куәлігін табыс етті.

Өз кезегінде ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев Оңдасын Елубайұлының республикалық «Спорт» газетінің осы өңірдегі меншікті тілшісі болғандығын жариялап, куәлігін табыстады.

Серік Құсанбаев
сурет Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде