USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Теңге бағамының өзгеруі Қазақстан экономикасына тиімді ме?

Теңге бағамының өзгеруі Қазақстан экономикасына тиімді ме?

Өздеріңізге белгілі, кеше Ұлттық банк теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан бас тартатынын хабарлады. «Теңге курсының жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болады» делінген хабарламада. Яғни, бірнеше жыл бойы 145-150 теңге көлемінде болып келген доллар 185 теңгеге бірақ шарықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сонымен қатар, 11 ақпаннан бастап еліміздің барлық айырбастау пунктеріндегі АҚШ долларын сатып алу және сату айырмашылығы 2 теңгеден аспайтын болды. Егер бұл ереже бұзылса, Ұлттық банк қатаң шаралар қолданады.

«Айырбастау пункттері шетел валюталарымен банктер тарапынан да, Ұлттық банк тарапынан да жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіледі. Өңірлерде орналасқан екінші деңгейлі банктер филиалдарында шетел валюталарының жеткілікті қоры сақталған» деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банктің хабарлауынша, теңге бағамының өзгеруі ұлттық валютаның сыртқы бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату, ел экономикасының сыртқы тауар айналым тепе-теңдігін сақтау және отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін жасалды.

Айырбас бағамының ел экономикасы үшін маңызын ескере отырып, соңғы жылдары Ұлттық банктің валюталық саясаты оның деңгейінің 145-155 АҚШ доллары көлемінде сақталынуына бағытталған еді. Бұл экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. 2013 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 6 пайызға артып, инфляция 4,8 пайызға кеміп, тарихи тұрғыда ең төмен көрсеткішті көрсеткен. Бұған қоса, Қазақстан экономикасының ғаламдық экономикамен тығыз байланысты екенін ескерген жөн, Ұлттық банк әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы жағдайды қаперден шығара алмайды.

«Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өзгеруіне бірінші себеп – жетекші дамушы елдердегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылды, бұл осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасты» деп мәлімдеді кеше Алматыда өткен брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

«Екіншіден, Ресей рублінің курсына қатысты белгісіздік орын алып отыр. Ресей орталық банкінің рубльді еркін айналымға жіберуінен соң былтыр ол АҚШ долларына деген бағамы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Осы жылы рубль әлсіреуі жалғасты» деді ол. Сондай-ақ, үшінші себебінің ел банктерінің төлем қабілетімен байланысты екенін атап өтті Қайрат Келімбетов. Төртіншіден, алыпсатарлық операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан экономикасында теңге бағамының өзгеруі артты. Алыпсатарлық дүрлікпе мен айырбас курсының өзгерістерін алдын алу үшін Ұлттық банкке валюталық рынокқа жиі енуге тура келеді.

«Бесіншіден, құнсыздануды 3-4 пайызға дейін төмендету үшін Ұлттық банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр, ол дегеніміз – айырбас бағамын қатаң реттеуді тоқтату. Жүргізілген сараптамалық жұмыстардан кейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 185 теңге болып қалады және біз оны сақтап қалуға тырысамыз» деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

Ұлттық банкі 11 ақпаннан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, теңгенің айырбас бағамына араласудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Кейіннен айырбас курсындағы өзгерістер бойынша валютаның күшеюі де, әлсіреуі де болуы мүмкін, бұл әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты болмақ.

Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында Үкімет басшысының орынбасары, қаржы министрi Бақыт Сұлтанов теңгенiң 20 пайызға құнсыздануы жалпы ішкі өнімнің өсуiне оң әсер ететіні жөнiнде мәлiмдедi. Өйткенi, бiзде экспортқа жiберетiн тауар өндiрушiлердiң экспорттық түсiмдерi көбейетiн болады. Мұның әсерiнен бюджетке түсiмдер де артады.

– Өздерiңiзге белгiлi, бүгiн Ұлттық банк берген ақпарат бо-йынша, ұлттық валютаның құнсыздануы 20 пайызды құрады және 185 теңгенi құрайтын жаңа бағам белгiлендi. Бұл әлемдегi халықаралық нарықта орын алып жатқан жағдайларға, көршi елдердегi экономикада валютаның құнсыздануына да байланысты, – дедi Премьер-Министрдің орынбасары.

Атап өтерлік жайт, теңге бағамының өзгеруi баспана, жанар-жағармай бағасына да елеулі әсер етпейдi. Бұл туралы осы брифингте экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаев мәлiм еттi. Сондай-ақ, осы өзгерiс есебiнен ел бюджетiне 130 миллиард теңге қосымша кiрiс түспек, негізінен мұнайды экспорттаудан.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: теңге
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде