USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Сочи олимпиадасының алтынын Алексей Полторанин алуы мүмкін

Сочи олимпиадасының алтынын Алексей Полторанин алуы мүмкін

Дүниенің төрт бұрышынан кіл мықтыларды жинайтын Сочидегі дүбірлі доданың басталуына санаулы күндер қалды. Мұқым Қазақ елі ақ Олимпиадада атой салар деп үміт артып отырған басты спортшымыз - Алексей Полторанин. Осыған дейін талай жарыстың көрігін қыздырған, талай рет жүлдемен қанжығасын майлаған шебер шаңғышының Шығыстан шыққаны біз үшін мақтан, әрине, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алексей Юрьевич Полторанин 1987 жылы 29 сәуірде Риддер қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан еліміздің еңбегі сіңген спорт шебері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері.

«Риддер қаласының құрметті азаматы» Алексей Полторанин жасөспірім кезінде-ақ халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғаған. 2004 жылы Норвегияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде эстафеталық жүгіруде чемпион атанған ол 2005 жылы Хакасси кубогы жолындағы бәсекеде тағы да жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. 2007 жылы Тарвизиода өткен әлем чемпионатында 10 шақырымды еркін әдіспен жүгіруде күміс медальды еншіледі.

Жастар құрамасы сапында 2008 жылы Маллес-Веноста және 2009 жылы Пра-де-Листе екінші орындарды иеленген.

Ол бұған дейін екі рет ақ Олимпиадада: 2006 жылы Туринде және 2010 жылы Ванкуверде еліміздің намысын қорғаған. Алғашқы Олимпиадада ол 15 шақырымдық қашықтыққа классикалық әдіспен жүгіріп, 39-шы орыннан көрінсе, Канада топырағында өткен дүбірлі жарыста үш бірдей қашықтықта бағын сынап, жақсы нәтижесімен көзге түскен. Атап айтсақ, 15 шақырымда еркін әдіспен жүгіруде 14-ші көрсеткішке ие болса, жекелей және командалық спринтте бесінші нәтижеге қол жеткізді.

Сонымен қатар, Алексей төрт бірдей Әлем чемпионатында бәйгеге түсті. Мәселен, Жапония, Чехия, Норвегия және жақында Италия мемлекеттерінде байрағы желбіреген біріншіліктерде өз деңгейінде өнер көрсетті. Әсіресе, былтырғы Италияның Валь-ди-Фьемм қаласында жасындай жарқылдағаны жұрттың әлі есінде. Сол бәсекеде жерлесіміз жекелей спринттің ширек финалында (іріктеу кезеңінде) мәре сызығын екінші болып кесіп өткен, алайда жартылай финалда қолындағы таяғының сынып қалуына байланысты уақытты жоғалтып, ақтық сайысқа қатысу мүмкіндігінен айырылған.

Есесіне, командалық спринтте командалас досы Николай Чеботкомен бірге ақтық сынға дейін жеткен. Финалда біздің жігіттер табандылық танытып, бүкіл жарыс бойы көш басында келе жатып мәреге таяғанда Ресей мен Швеция шаңғышыларын ілгері жіберіп алып, қола медальды қанағат тұтты.

Сондай-ақ, осы Әлем чемпионатында 50 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруде Алексей тағы да қола жүлдені еншіледі.

Елішілік сайыстарды былай қойғанда, Алексейдің Азиада ойындарында олжалаған жүлделері қаншама.

2007 жылы Қытайдың Чанчун қаласында болған ақ Азиадада күміспен күптелсе, 2011 жылы еліміздің қос шаһары - Астана мен Алматыда дүркіреп өткен Сарықұрлық бәсекесінде ол алтын медальдың төртеуін және бір қола жүлдені иеленді.

Бұған дейін аса танылмай жүрген риддерлік шаңғышы Әлем кубогы деп аталатын мәртебелі жарыстарда да шеберлігімен мүйізі қарағайдай спорт мамандарын мойындатты. Ол өзінің алғашқы жеңісіне Швейцарияның Давос қаласында 2010 жылы өткен Әлем кубогында қол жеткізді. Жарыстың екінші кезеңінде 15 шақырымға жүгірген ол нағыз сенсация жасап, бірінші орынға табан тіреді. Айта кетуіміз керек, шаңғыдан мұндай жеңіске ең соңғы рет 12 жыл бұрын жеткен екенбіз. 1998 жылдан бері алынбай келген қамалды Алексей бұзды.

Сол сияқты жерлесіміз Финляндияның Куссамо қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңінде күміс және Роглда (Словения) қола жүлделерді жеңіп алды.

2012-2013 жылдар маусымында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елливар (Швеция) қаласындағы Әлем кубогының бірінші кезеңінде 15 шақырымдық қашықтықта екінші нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, ол осы маусымда жалпы есептің көшбасына жайғасты.

Мәртебелі саналатын Тур де Ски көпкүндігінде Алексей Полторанин екі классикалық кезеңде олжа салды. Ла Клюзде және Давоста өткен Әлем кубогының кезеңдерінде алдына қара салмады. Финляндияның Лахти және Норвегияның Драммен қалаларында күміс медальды қанағат тұтты.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: сочи олимпиадасы
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
10 комментариев
  1. Медет Риддерден
    Алексей Юрьевич Полторанинді осы жолғы Сочи олимпиадасынан алтын алады деп үміттемін. Оған ел болып тілеулес боламыз. Жарайсың, Полторанин!!! Ел сенімін ақтайсың деп ойлаймын. Шаңғы спортын ары қарай дамыта бер! Сочи олимпиадасында Қазақ елінің әнұранын шалқытып, туын көкке желбіретіп, Қазақтың рухын көтерерсің әлі!!
  2. Дархан
    Жерлесіміз Полтариннинге Сочи олимпиадасында сәттілік тілеймін. Алтынды қанжығасына байласын! Осындай спортшыларымыз көбейе берсін
  3. Райымбек
    Осы жолы Алексейді қола мен күмістен Құдай сақтасын))) Алтын алсын!
  4. Біржан
    Классикалық спринтте алдына жан салмайтын спортшы ретінде танитын едім. Еліміздің шаңғы спортын дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген Полтараниндей азаматқа сәттілік серік болсын!
  5. АнАнДи
    Серік Сәпиев, Рыпакова, Полтарининдердің арқасында Қазақстанда біраз шетелдер танып қалды. Жерлесіміз Алексей Юрьевичті Сочидің төрінен көретін болайық
  6. Ұлан
    Швейцарлық Дарио Колонью мен итальяндық Федерико Пеллегринодан тағы да ұтарсың! Саған үлкен үміт артып отыр Шығыс Қазақстандықтар! Сенімімізді ақтарсың деп ойлаймын Риддерлік спортшы
  7. Мейіржан
    Алексейге жеңіс сенікі, сондықтан ТЕК АЛҒА және АЛҒА!!!!
  8. Мырзатай
    Риддерлік шаңғышы Сочиді бағындырып қайт! Осыдан кейін Әлем чемпионатында алтын алып келерсің шаңғы спортынан
  9. Казах
    Әй, маладес, Полтаранин)))
  10. Алмас
    Шаңғыны ең бірінші ойлап тапқан Алтайдың қазақтары ғой. Сондықтан Риддерден шыққан шаңғышылардың орын алмай қайтуы мүмікн емес. Жеңіс туы желбіресін Сочиде
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде