USD 315.55
EUR 338.93
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Жыл аяғына дейін 135 миллион теңге игерусіз қалуы мүмкін Шығыс Қазақстанда

Жыл аяғына дейін 135 миллион теңге игерусіз қалуы мүмкін Шығыс Қазақстанда

Шығыс Қазақстанда 98 пайыз бюджет қаржысы игерілді, жыл соңына дейін бұл үлес 99,5 пайызға жетіп, 135 миллион теңге игерусіз қалады деп болжануда, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл көрсеткіштер Шығыс Қазақстандағы қалалар мен аудандар әкімдерінің есеп берулері кезінде айтылды.
Құрамына негізгі басқармалар мен департаменттердің жетекшілері енген арнайы комиссия алдында есеп берген әкімдер мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы және де өңірлердегі кешенді түрде шешуді талап ететін қордаланған проблемаларды да алға тартты.

Есеп берулердің үшінші күні Өскемен, Риддер қалаларының және Зырян ауданының әкімдері есеп берді. Облыс орталығының басшысы құрылыс, шағын және орта бизнес салаларында артта қалушылық бар екенін алға тартты. Бюджет қаржысының игерілуі бүгінгі таңда 98 пайызды құрап отыр, жыл соңына дейін бұл үлес 99,5 пайызға жетіп, 135 миллион теңге игерусіз қалады деп болжануда. Өскеменнің өзекті проблемаларының бірі қылмыс санының өсуі болып отыр. Бұл бағытта қала басшылығы мен ішкі істер органдары тарапынан жүйелі әрі кешенді алдын алу, күрес шаралары қолға алынған, десек те нәтиже мардымсыз.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев әкімдер әрбір көрсеткіш үшін жауап беретіндерін және кез келген түйткілді шешуге міндетті екендерін атап өтті. Мәселен, егер қылмыс деңгейі көтерілсе, полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оң нәтижеге қол жеткізу керек.

– Сіздер өз аумақтарыңыздағы атқарылып жатқан шаруаларға тікелей жауаптысыздар. «Ықпал ете алмаймыз», не болмаса «ештеңе істей алмаймыз» деген жауаптар қабылданбайды, – деп қадап айтты облыс әкімі.

Биыл Өскемен қаласында құрылыс қарқыны кеміген, сонымен қатар, белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары сирепті. Биыл облыс орталығында шамамен 109 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Олардың біраз бөлігі осы айда, дәлірек айтсақ, алдағы Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілмек.
Жалпы, өзге маңызды мемлекеттік бағдарламалар шаһарда серпінді іске асырылуда, бұл ретте басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, өзге өңірлер осы облыс орталығына қарап бой түзейді, Өскеменді үлгі етеді. Негізгі капитал да, іргелі өндірістік орындар да осында шоғырланған.

Облыс әкімі жыл соңына дейін барлық көрсеткіштер былтырғы межеден және орташа республикалық деңгейден кем болмауы тиіс екенін ескертті. Әкімдердің барлық атқарған жұмыстары жыл қорытындысына байланысты тағы бір мәрте сарапқа салынатын болады.

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөніндегі қалалар мен аудандар әкімдерінің аймақ басшысы алдындағы есеп берулері аяқталды, оларға тиісті тапсырмалар жүктелді. Олар енді өздерінде кеңестер өткізіп, міндеттерді атқарумен айналысулары тиіс. Әкімдер қол жеткізген жетістіктер мен өз аумақтарындағы күрделі мәселелер туралы мәлімет берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл есептер Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша өткізілуде және аудандар мен қалалар әкімдерінің көкейкесті проблемаларды қалай шешіп жатқандарын ашып көрсететін аттестация болып табылады.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде