USD 316.56
EUR 342.14
RUB 5.52
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Өскеменде тұңғыш рет бастың қан тамырларына ота жасалды

Өскеменде тұңғыш рет бастың қан тамырларына ота жасалдыӨскемендегі облыстық аурухананың инсульт орталығында жергілікті хирургтар Астана қаласының нейрохирургтарымен бірлесе отырып, бастың қан тамырларына тұңғыш рет ота жасады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өскемендегі бұл инсульт орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша қабылдаған бағдарламасы негізінде 1-қарашада ашылған болатын.

- Әр ұжымда тұрақтылық болуы керек және оның басшысы өз қызметкерлерінің айлық жалақысы уақытында төленіп тұруын қадағалап, мекеменің материалдық-техникалық базасының жақсаруына ден қоюы қажет, - деді осы орталыққа арнайы келген аймақ басшысы Б.Сапарбаев. – Ақылы қызмет көрсетуден түскен табыс кабинетте отырып жұмыс істейтін есепшілер мен экономистерге емес, алдымен осындай қызмет көрсеткен дәрігерлерге, орта арнаулы медицина қызметкерлеріне берілгені жөн.

Жергілікті бюджеттің есебінен аурухана маңы асфальтталып, оның айналасы толығымен жарықтандырылғанын атап өткен өңір басшысы бұл талпыныс басқа да емдеу мекемелеріне үлгі болуы тиіс екендігін жеткізді.

- Бұл орталықтың артықшылығы – ондағы науқастарды емдеу технологиясы халықаралық стандарттарға сай келетіндігінде, - деді өз кезегінде медбірлестіктің бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Анатолий Чиканов. – Мұндағы жаңалық науқастарға диагностика жасап, емдеумен қатар, оларды нақты оңалту жүйесінің жүзеге асуында деуге болады. Олар атап айтқанда, логопед, жүйке күйзелісінен арылту және физиопроцедуралар кабинеттері. Жалпы, біздің ауруханада тұңғыш рет жаңа мамандықтар ашылып отыр.

Бас дәрігердің орынбасарының сөзіне сенсек, аталған бөлімде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар орнатылыпты.

- Қазір бізде тамаша білікті хирургтар жұмыс істеуде. Олар қан тамырларын зерттеп, олардың бүліну деңгейін анықтай алады, сонымен қатар артерияны стендтеу, эмболизациялау және тамырдың тұйықталған тұстарын алып тастау бағытында хирургиялық оталар жасай алады. Сондай-ақ, штатымызда геморрагиялық инсульт жағдайында мидағы ісікті азайту мақсатында, гематоманы алып тастай алатын ашық түрдегі ота жасайтын хирург те бар, - деп атап өтті А.Чиканов.

Біздің дәрігерлер шекаралас жатқан елдермен әріптестік шеңберінде Барнаул қаласында болып, ресейлік инсульт орталығында оқып қайтыпты. Ал қазіргі уақытта олар Астанадағы нейрохирургия институтымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Бір айрықша атап айтар нәрсе, бастың қан тамырларына жасалатын оталар өте қымбат (төрт миллион теңге шамасында) және тек арнайы квота арқылы ғана жүзеге асырылады. Оған қатысты қаражат Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бөлінеді. Әзірге 14 науқасқа ота жасау ұсынылып отыр. Сондай-ақ, біздің дәрігерлер мен астаналық дәрігерлерді Израильде оқыту жоспарлануда.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: медицина
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде